ШЫМКЕНТ: «МЫҢ ЖҮЙРІК» АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

🔹Бүгін Шымкент қаласында этнос өкілдерінің балалары арасында мемлекеттік тілді дәріптеуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының қалалық іріктеу кезеңі өтті.

🔹Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, мемлекеттік тілді жетік меңгерген дарынды балаларды анықтау, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнер арқылы қазақ тілін кеңінен насихаттау.

🔹Іріктеу кезеңінде қатысушылар ән айту, өлең оқу, би билеу, сахналық қойылым қою және қазақ тіліндегі өзге де шығармашылық бағыттар бойынша өнер көрсетті. Биыл байқауға 200-ге жуық өтінім түсіп, үміткерлердің өнері мен орындаушылық шеберлігі арнайы құрылған қазылар алқасының бағалауына ұсынылды.

🔹Қазылар алқасының құрамында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова, журналист, «Мұзбалақ» ақпараттық порталының бас редакторы Қалбыр Базаркүл, Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның бөлім басшысы Азиза Исаева және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі иегері, Шымкент қаласы «Сайрам» мәдениет үйі директоры Сайрамбек Дүйсембаев болды.

🔹Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін, сахна мәдениетін, орындаушылық шеберлігін және қазақ тілін меңгеру деңгейін саралай отырып, үздіктерді анықтады.

🔹Айта кетейік, іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі алдағы уақытта ұйымдастырылады. «Мың жүйрік» жобасы – балалардың мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойындағы өнер мен талантты ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама.