Бүгін қалалық Достық үйінде ұйғыр этносының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мәдени шараға Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғар Үсіпахметов, қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында ұйғыр халқының ұлттық мәдениеті мен өнері кеңінен насихатталып, әндер шырқалып, түрлі этностардың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар Алматы қаласынан арнайы келген өнерпаздар да мерекелік бағдарламаның көркін қыздырды.

Мәдени шарада сөз сөйлеген Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғар Үсіпахметов ұйғыр халқының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрінің маңызына тоқталды.
«Шымкент – түрлі этнос өкілдері өз мәдениеті мен дәстүрін еркін дәріптеп, өзара сыйластық пен түсіністікті нығайтып келе жатқан татулықтың ордасы. Осындай мәдени іс-шаралар қоғамдық келісімді одан әрі нығайтып, бірлігімізді бекемдей түседі. Баршаңызды бүгінгі мерекелік шарамен құттықтай отырып, ұйғыр этносының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау бағытындағы жұмыстарға табыс тілеймін. Тілі мен дәстүрін құрметтеген халықтың рухани мұрасы әрдайым жасай бермек», – деді Заңғар Үсіпахметов.

Айта кетейік, мұндай мәдени-рухани іс-шаралар этнос өкілдерінің ұлттық құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, түрлі мәдениеттер арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті арттыруға, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
